Қостанай облысында жағдай тұрақты қауіпті. 25 наурыздан бастап даладан су өңірдің оңтүстігіне, атап айтқанда Арқалық, Амангелді, Жангелді тараптарынан келіп түсті. Қазір жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда 6 елді мекенде төтенше жағдай жарияланды. Олардың арасында Қостанай мен Рудный қаласы бар. Тобыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты үйлерді су басу қаупі бар. Қостанай облысында 328 үй мен 406 аула аумағы су астында қалды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Асылбек Сәдуов мәлімдеді.
Қостанай ауданы мен Рудныйда 7,5 мыңнан астам адам құтқарылып, эвакуацияланды. Оның ішінде 44 бала.
"Жеке құрам мен келген еріктілер, әскери қызметшілер, полицейлер - 2,7 мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. 443 техника, 144 су айдау құралдары бар. Қостанай облысына көмекке Қызылорда облысынан, Қарағанды облысынан, Астана қаласынан 285 адам, 21 бірлік техника келді. Құтқару жұмыстары жалғасуда", - деді спикер.