Су басу өңірлерінде қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 60 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Оның ішінде: Ақмола облысы – 18,8 мың бас, Қостанай облысы – 12,9 мың бас, Ақтөбе және Атырау облыстарында – 10 мың бастан көп, БҚО – 4,5 мың бас, Қарағанды облысы – 1,5 мың бас. Бұл туралы ҚР АШМ ресми өкілі Олжас Тлебалдин ОКҚ алаңында хабарлады.
Жедел деректер бойынша еліміздің 7 өңірінде су тасқыны салдарынан 5 711 бас мал өлді. Оның ішінде ІҚМ – 1 137, ұсақ мал – 4 051, жылқы – 457 және басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары бар.
Ауыл шаруашылығы министрі, салаға жетекші вице-министр және Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы су басқан аумақтарға барды. Ал, қазіргі уақытта АШМ құрылымдық бөлімшелері ауыл шаруашылығы бағытында жұмысты үйлестіру үшін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда жүр. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу алгоритмі әзірленді, ол халыққа және залал анықтау жөніндегі комиссияның назарына жеткізілді.